Қазақстан • 26 Наурыз, 2018

Ауылдарда апатты мектептер әлі де бар

642 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаһандық бәсекеге қабілет­тілікті арттыру, білім және ғылым арқылы айқын мақсат қалыптастыру мен оған жету бүгінде аса маңызды болып отыр. Жыл өткен сайын бі­лім саласына деген талап та жо­ға­рылап келеді.

Ауылдарда апатты мектептер әлі де бар

Білімді ұрпақ қа­лып­тастыру үшін мемлекет тарапынан да тиісті көңіл бөлінуде. Өңір­лерде жыл сайын жаңа мектептер пай­далануға берілуде. Заманауи техно­логиялармен жабдықталған білім ошақ­тары оқушылардың сапалы білім алуына да жағдай жасайды. Дей тұрғанмен, кейбір ауылдарда апат­ты жағдайдағы мектептер әлі де баршылық.

Жамбыл облысында бүгінде апат­ты деп танылған 5 мектеп бар. Қордай ауданының Соғанды ауылындағы №33, Көктөбе ауы­лындағы №40 және Күнбатыс ауылындағы №11 негізгі мек­тептер апатты жағдайда. Сондай-ақ­ Талас ауданының Қасқабұлақ ауылын­дағы Қасқабұлақ орта мек­тебі мен Т.Рысқұлов ауданының Жал­­пақсаз ауылындағы Жалпақсаз бастауыш мектебі де апатты деп танылған. Барлық мәселені бір күнде шешу мүмкін емес, дегенмен де мұның бәрі ата-аналар мен оқу­шылардың алаңдаушылығын тудырмай қоймайды. Оның үстіне биыл Әулиеата өңірінде соңғы жарты ғасырда болмаған қыс болды. Сол кездері Мойынқұм ауданының біраз ауылдарындағы мектептерде сабақ тоқтатылды. Ал осындай кезде апатты мектепте оқып жатқан балалардың жайын елестету қиын.

Облыстық білім басқармасы бас­шы­сының орынбасары Жәмилә Бекбатырованың айтуынша, апатты мектептерді жою үшін тиісті жұмыс­тар жүргізіліп жатыр. Нақты айт­сақ, Қордай ауданының Соғанды және Көктөбе ауылдарындағы әр­қай­сысы 50 орындық негізгі мек­теп­тер мен Талас ауданының Қас­қа­бұлақ ауылындағы 120 орындық Қас­қабұлақ орта мектебінің құры­лысы ағымдағы жылы аяқталады деп жос­парлануда.

Аталған 3 мектептің құрылысы биыл аяқталғанымен, қалған 2 мек­тептің жайы кейінге қалып тұр. Т.Рысқұлов ауданының Жалпақсаз ауылын­дағы Жалпақсаз орта мек­тебінің құрылысы ағымдағы жылы басталып, келесі жылы аяқталмақ. Ал Қордай ауданының Күнбатыс ауылын­дағы №11 негізгі орта мектеп­тің мәселесі 2019-2020 жыл­дарға қарай шешілмек. Оған дейін оқушылар апатты мектептерде білім алуға мәжбүр.

Сонымен қатар Тараз қала­сын­­дағы №24 және №55 орта мектеп­тер, Байзақ ауданы, Байзақ ауылындағы Сыдық Абланов атын­дағы орта мектеп пен аталған аудан­ның Ақшолақ стансасындағы Ақ­шо­лақ орта мектептері де бүгінде үш ауысымда жұмыс істейтін мектеп­тер қатарында. Үш ауысымда білім беретін 3 мектептің құрылысы ағым­дағы жылы аяқталса, Ақшолақ орта мектебінің құрылысы биыл жер­гілікті бюджет есебінен басталып, келесі жылы аяқталады екен.

Облыстық білім басқармасының мәліметінде көрсетілген деректер алда­ғы уақыттарда толығымен іске­ асатын болса, екі жылдан кейін­ өңірде апатты деп танылған және үш ауысымда білім беретін мектеп­т­ердің мәселесі шешіледі. Ауыл­дардағы білім ошақтарының жай-күйі шешілген жағдайда ғана білім саласындағы серпінділігіміз арта түспек.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы